"Гүлдер" балабақшасына - 55 жыл
- Қаралды: 38
Елордамыз Астанадағы №21 «Гүлдер» балабақшасына 55 жыл толды. «Гүлдердің» мерейтойына орай тәрбие ошағында «Ұлттық құндылық -тәрбиенің негізі» тақырыбында өзгеше форматтағы қалалық семинар өтті.
«Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрыңғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал- кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.»
Абай аталарының табиғат туралы өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа оқып жатқан балалардың өнерін тамашалап тұрып, мұрындары пысылдай «дымқыл тұман» басқан күздің, «бұрқ -сарқ етіп» долданған аязды қыстың бейнесін салуға талпынып жатқан «Гүлдер» балабақшасы бүлдіршіндерінің ақ қағаздағы әдемі суреттерін көріп, сәбилермен бірге біздің де қиялымызға қанат бітті. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан Абай өлеңдері, ақын жырындағы, бала санасындағы қазақтың кең жайлауы, киіз үйі, туған жердің көгінде тізбектеле ұшқан қаз, тырна. Әр балаға, ақынның өлеңін оқыған балаларға, өлеңдерді бейнелеп, қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, иллюстрация жасап жатқан балаларға, бәріне де дәліздегі бұл көріністің, сабақтың берер тәрбиесі мол.
Мақсаты: ұлы Абайды оқыта отырып, бүлдіршіндердің эстетикалық талғамын жетілдіріп, әдемілікті сезе білуге, оны бояу арқылы бейнелеп, жеткізе білуге, туған елді сүюге, ұлттық салт- дәстүрлерді сақтауға үйрету. Балабақшаның ересектер тобының тәрбиешісі Шынар Шәкіртайқызы қазақ қаламгерлерінің шығармаларын бояумен астастырып беру тәсілі бүлдіршіндерді бейнелеу өнеріне баулуға, мамандыққа бейімдеуге де тигізер ықпалы зор екенін атап өтті.
«Гүлдер» балабақшасында «Ұлттық құндылық -тәрбиенің негізі» тақырыбында өткен қалалық семинар бұрыңғы семинарлардан өзгешелеу болды. Ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттық тәрбие берудің жолдары балабақша қабырғасында жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалар, арнайы сабақтар, дәстүрлі шаралар арқылы дәріптеліп, түрлі көріністермен, қойылымдармен, ойындармен көрсетілді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы балаларға рухани адамгершілік тәрбие беру, тәжірибе алмасу, заманауи тәрбие үрдісін жетілдіруге арналған семинарға Астанадағы балабақшалардың меңгерушілері, әдіскерлері қатысты.
-Балабақшамыздың 55 жылдық мерейтойына орай, жаңа оқу жылының басында, ұлттық тәрбиемен сусындаған саналы ұрпақ тәрбиелеудегі іс- тәжірибелерімізді ортаға салып, өзге де өнегелі, өрісті тәлімдерімізбен, тәсілдерімізбен алмассақ деген ниетпен осындай семинар өткізіп жатырмыз. Мерекелік шараға қаладағы балабақшалардың өкілдері, өзіміздің ата- аналар келіп отыр. Бала тәрбиесінде балабақшаның да, ата -ананың да рөлі айрықша маңызды. Өзім де көп балалы анамын. Ата- аналармен, әріптестермен бірлесе атқарған ісіміз, бастап жатқан бастамаларымыз алға басып, жемісін бере беретініне сенеміз. Балаларымыз білімді, тәрбиелі, бақытты, келешегіміз кемел босын,- деді игі шараны ашқан «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі Самал Ермағамбет.
«Гүлдер» балабақшасы ұжымының ұлттық тәрбие беруде басымдық беріп келе жатқан бағытының бірі -ұлттық ойындар. Ұлттық ойындарымыздың бәрі де балаларды физикалық тұрғыдан дамытуға, олардың ойлау қабілетін жетілдіруге, епті болуға бейімдейді. Семинар барысында балалардың аналары, әкелері, әжелері, апалары, аталары, ұл, қыздарымен, немерелерімен бірге «Бестемше», «Ақ шаңырақ», «Шертпек», «Қыз қуу» ойындарынан бастап, «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» ойындарына дейін ойнап, қазақ халқының қай ойыны болмасын тәлім — тәрбиеге тұнып тұрған спорттық ойын түрлері екенін көрсетті.
Шарадан «Тілге бойлау» бағдарламасы да тыс қалған жоқ. «Гүлдерге» келіп жүрген өзге ұлттың балалары ғана емес олардың ата -аналары да қазақ тілін үйреніп жатқандарын байқатып, қазақ тіліне деген құрметтерін көрсетті.
Ойын алаңына келіп жеткен түйелі көш- керуен, ботасын ерткен түйелер – ата салтымыздың, қазақтың болмысын, өткенін өрнектейтін, баланың жанын дәстүрімізге бойлататын тәлімі мол танымдық көрініс болуымен ерекшеленді.
Балабақша әдіскері Айжан Смағұлова, «Қызғалдақ» тобының тәрбиешісі Салтанат Әубәкірқызы, педагогтер: Гүлжан Чукурла, Салтанат Жұмабекова, Миниса Кукенова, Бағила Өтебалиева, Қанатбек Заманбеков, Гүлшат Қасенова, Алтын Жайлыбаева ,Гүлмира Бейсебаева бастаған барлық топтардың тәрбиешілері ұлттық тәрбиенің әр тармағы болып келе жатқан ұлттық дәстүріміздің түр- түрін паш ететін, адал еңбекке баулитын: төрт түліктің пайдасы, киіз басу, ұршық иіру, бұрым өру, құрт, сүзбе жасау, бауырсақ пісіру тәрізді дүниелердің бәрін балалармен бірге ойын алаңында көрсетіп, олардың ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңыздылығын түсіндіру, жеткізу тәсілдерімен бөлісті. Балабақшадағы әжелер мектебінің белсенді мүшесі Күлайша апа мен аналар мектебінің жетекшісі, мүшелері Сандуғаш Төлебай, Зинара Бектаева, Жанар Макипова ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған шараның көздеген мақсатқа жеткізіп, қызықты өтуіне бар өнерлерін салып бақты. Шеберлік сағатындай болған ұлттық ойындар алаңы шарасының соңында Күлайша апа баршаға ақ батасын берді.
Айта кетейік, жыл басында Түркістан қаласында білім мен тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңыздылығын айшықтайтын республикалық семинар -конференция өткен болатын. Айтулы шараға «Гүлдер» балабақшасының мамандары қатысып, ұлттық ойындар бойынша көрнекі құралдарын көрмеге қойып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтқан еді. Семинарда ұлттық ойындарды дамытуға қосып келе жатқан айрықша үлесі үшін «Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі Самал Қуандыққызына республикалық ғылыми -практикалық дене тәрбиесі орталығының «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Оқу -ағарту министрлігінің ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы ғылыми бөлімінің бас маманы Айгүл Бейсембаева «Гүлдер» балабақшасының ұлттық тәрбие берудегі өзіндік әдіс -тәсілдері, жетістіктері өзге мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне үлгі етуге тұрарлықтай екендігін атап өтті.
«Гүлдер» балабақшасында жуықта қолға алынған тағы бір тың бастама — балаларға әр түрлі дағдыларды үйрететін «Смарт кабинеті». Осы бөлменің есігін ашқан балаларға табиғат тылсымы, математика әлемі сынды бірнеше мамандықтың сыры ашылып, бұл орта оларды шығармашылыққа шыңдап, жетелейді.
«Гүлдер» балабақшасының дәліздері де «сөйлеп» тұр. Астыңғы, үстіңгі қабаттардағы дәліздер бойы ұлттық тәрбиенің қайнар көзі –салт дәстүр, ана тілі, адамгершілік, еңбекқорлық сынды тақырыптарды қамтитын бейнелі, суретті кабырғалармен жабдықталған.
Семинарда «Гүлдер» балабақшасының музыка пәнінің педагогтері Айнұр Байсалимова, Наталья Лебедева, хореографы Қаламқас Сейтханның шығармашылық еңбектерінің арқасында қойылған балалардың мерейтойлық концерті кеш қонақтарының көңілін шалқытып, шараның мәнін аша түсті. Бүлдіршіндер бағдарламаны «Қаражорға» биімен аяқтады.
«Жақсыны -көрмекке» деген, бүгін «Гүлдер» балабақшасында өткен «Ұлттық құндылық -тәрбиенің негізі» тақырыбындағы семинар бәрімізге де үлкен олжа болды. Шығармашылық алаңдарға, қойылым, көрсетілімдерге қарап отырып, балаларға ұлттық құндылықтарды осындай қарапайым да қызықты жолмен жеткізу әлдеқайда нәтижелі болатынын көрдік, — дейді «Айналайын» балабақшасының әдіскері Гүлсара Әуелбекқызы. «Нұршашу» балабақшасының меңгерушісі Толқын Қадырбаева да семинардың өте жоғары деңгейде өткенін айтты.
Астана. «Білім айнасы»
Жанаргүл Мұқатай


